"Бірлік күші" тренингі
Нығыманов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушыларымен «Бірлік күші» атты психологиялық тренинг өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту, бір-біріне деген сенімді нығайту, үйлесімділік пен ұжымшылдықты қалыптастыру болды.
Оқушылар шеңбер жасап, әрқайсысы жіптің бір ұшын ұстады. Шеңбердің ортасына стакан қойылып, тек жіптер арқылы стаканды көтеріп, белгілі бір тәртіппен орналастырып, пирамида құру тапсырмасы берілді. Қолмен ұстауға тыйым салынды. Топ мүшелері бір-бірімен ақылдасып, келісіп, ұйымшылдықпен әрекет ету арқылы тапсырманы сәтті орындады. Жаттығу барысында оқушылар өзара тыңдау, жауапкершілікті бөлісу, сенім мен шыдамдылық секілді маңызды дағдыларды көрсете білді. Жаттығу соңында оқушылар өз әсерлерімен бөлісіп, топпен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
«Бірлік күші» жаттығуы оқушылардың бойында бірлік, ынтымақтастық, өзара түсіністік қасиеттерін дамытты. Шара өте қызықты әрі тәрбиелік мәні зор болды.











